8-800-8000-111

Барлық мәселелер бойынша
Call-орталыққа жүгінуге болады

Жаңалықтар

11.05.2017

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының ұжымы Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры Ұлы Отан соғысының  ардагерлеріне «Жеңіс» жобасы аясында жыл сайын қолдау көрсетуге қатысады. Аталған әлеуметтік - қайырымдылық  жобаға  Ұлы Отан соғысының  ардагерлерін құрметтеу және Қазақстан Республикасының жас азаматтарын патриоттық рухта тәрбиелеу бойынша «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы бастамашылық жасаған.

Ағымдағы жылы 9 мамыр мерекесі қарсаңында «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының ұжымы «Жеңіс» жобасы аясында Ұлы Отан соғысының  ардагерлерін салтанатты қонағасына шақырып, азық-түлік себеттері мен гүл сыйлады. Сонымен қатар «Қарулы Күштер ардагерлері» республикалық қоғамдық қауымдастығымен бірлесіп, ардагерлердің Ұлы Жеңістің 72-жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға, атап айтқанда Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 25-жылдығына арналған шеруге, экскурсияларға, соғыс жылдарының әндері шырқалған концерттік бағдарламаға  қатысуларын ұйымдастырды.

Бұдан басқа, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс күні мерекесімен барып құттықтау жақсы дәстүрге айналған. Майдангерлердің 20-дан астам  отбасыларына алғыс білдіріп, құттықтау сөздері айтылды. Құттықтауларды алғашқылардың бірі болып Ұлы Отан соғысының ардагері, Ақмола облысының «Шағалалы» ауылының тумасы, Астана қаласының тұрғыны 96 жастағы Усин Сейілбек Әкімбекұлы қабыл алды.

Сейілбек Әкімбекұлы 1942 жылы майданға аттанып, генерал Рыбалконың үшінші гвардиялық танк армиясының құрамында байланысшы болып соғысты, содан кейін сол армияның штабында қызметін атқарды.

Әйгілі Курск доғасында болған шайқасқа қатысты, Украинаның Харьков, Киев қалаларын және басқа көптеген қалаларын фашистерден босатуға қатысты. Қазақстандық сарбаз - Усин Сейілбек Әкімбекұлы Берлинге дейін жетіп, Чехословакияның Прага қаласында соғысты аяқтады. Қан майданда өмір сүруге деген арман алға жетелегенін айтады: тезірек еліне оралып, бейбіт өмірге араласар сәтті асыға күткен. Соғыс аяқталғаннан кейін Сейілбек Әкімбекұлы туған ауылына оралды. Мектепте мұғалім, соңынан мектеп директоры болып жұмыс істеді. Тыңайған жерлерді игеру жылдарында Жақсын ауданының аудандық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі, аудандық «Заря коммунизма» газетінің редакторы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді. Құрметті демалысқа шығатын жылдар алдында Қосшы және Талапкер орта мектептерінің директоры болып еңбек етті.

Ақсақал міне 50 жылдан астам уақыт бойына аудандық, қалалық және облыстық газеттермен белсенді ынтымақтастық танытып жүр. Ол өзінің жарияланған мақалаларында қазіргі таңдағы өмір, еңбек адамдары туралы жазады, қоғамдық-әлеуметтік проблемаларды көтереді. Соғыс ардагерінің жеті ұл-қызы, 23 немересі және 19 шөбересі бар. Көктал кентінің Ақсақалдар кеңесінің мүшесі болып табылады.

Ардагер өмір бойы соғыстың ауыр зардаптарын ұмытпау керек деген қағидатты ұстанып отыр. Осыны өзінің оқушыларына жеткізді, кітабында өсиет етіп қалдырды.

Сұм соғыс миллиондаған қазақстандықтардың өмірін қиды, адамдар өткен соғыстың құрбандарын естерінен ешқашан шығармайды және Бейбіт өмірдің құны неге татитынын жақсы біледі. Жарты ғасырдан астам уақыт өтті, жаңа ұрпақ өсті. Олар үшін Ұлы Отан соғысы – алыста қалған тарих. Алайда Жеңіскерлер мен бейбітшілік үшін өмірлерін қиған адамдар алдындағы естелік және борыш жас ұрпаққа ерлік пен қайғыға толы тарих беттерін ұмытуға жол бермеуі тиіс. Біз оларды есте сақтауға және құрметпен қарауға міндеттіміз!

Біздің серіктестер