8-800-8000-111

Барлық мәселелер бойынша
Call-орталыққа жүгінуге болады

Жаңалықтар

20.03.2018

Наурыз – көктемгі жаңарудың, үйлесімділіктің, шұғыла мен мейірімнің мерекесі

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорында Наурыз мерекесі қарсаңында, қалыптасқан дәстүрге сәйкес мерекелі іс-шаралар өткізілді.   

Өткен жылы Жылжымайтын мүлік қорының қызметкерлері Наурыз мерекесіне орай қазақтардың салт-дәстүрлеріне арналған қызықты іс-шара ұсынған болса, биыл өзге елдердің Наурыз мерекесін қарсы алу дәстүрлерін тамашалауға мүмкіндік берді. Іс-шара бағдарламасының басты мақсаты -  келген қонақтарды әлем елдерінің ұлттық киімімен, салт-дәстүрлерімен және ұлттық тағамдарымен таныстыру.

Наурыз мерекесі тек қана Қазақстанның мемлекеттік мерекесі емес. Ол бүкіл шығыс халықтарының мерекесі. БҰҰ аталған мерекені халықаралық мереке ретінде таныды. Наурыз – күн мен түннің теңесетін күні, табиғаттың қайта түлеп, жаңаратын кезі. Наурыз мейрамын Орталық Азияның барлық елдерінде, сондай-ақ Грузияда, Үндістанда, Иранда, Қытайда, Түркияда және әлем бойынша басқа көптеген елдерде де тойлайды. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі дүние жүзі халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Наурыз – Жыл басы. Табиғаттың оянуы жер күн орбитасын бір айналып өткенде аяқталып, қайтадан жыл басы басталады. Наурыз жердің күнді айналу циклінің өлшемі. Сол кезде жыл басында күн мен түн теңеседі. «Наурыз» деген сөз «ноу» (жаңа) және «руз» (күн) деген сөздерден құрылған.

Қазақтар бұл мейрамды «Ұлыстың ұлы күні» деп те атайды, орысша «Великий день народа» деген мағына береді. Наурыз алдында жерді бақыт аралайды деген наным бар, сондықтан мереке алдындағы түн «бақыт түні» деп аталады. Данышпан ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың айрықша белгілерін ескере отырып белгілеген. Наурыз айын ерекше қасиеті бар ай ретінде бағалаған. Осы айда табиғаттағы барлық тіршілік иелеріне жан біте бастайды. Қыстың соңы, көктемнің басы жыл құстары келе бастайды. Сол себептен де болар табиғаттың тылсымы мен ғалам ғажайыптарын терең ұғына білген ата-бабаларымыз бұл күнді Жыл басы деп есептеген. Наурызды шығыс халықтары бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде атап өтеді.

Наурыз мерекесі күні - қасиетті күн. Халық наурыз мерекесіне алдын - ала дайындалады. "Наурызды қалай қарсы алсаң, жыл бойы сондай боласың" деген ырым бар. Дәстүр бойынша үйге қос шырақ жағылады, ыдыстар ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылады. Бұл - тоқшылықтың белгісі.Ұлыстың ұлы күнінде жұмыс істелмейді, іс басталмайды, ешкімді ешкім ренжітпейді, біреуге-біреу дауыс көтеріп, болмаса жаман сөз айтпайды. Бұл күнді қарсы аларда халық таза, жаңа киімдерін киген, айналаны тазалап, мол дастарған жайған. Бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Осы күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, табысу сияқты адамгершілік қасиеттер көрініс тауып, кейінгі ұрпақтар сондай жақсы өнегеден үлгі алған. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қолдасып, төс қағыстырып, әйелдер құшақтасып, бір-біріне игі тілектер айтқан.  

Наурыз мейрамына әртүрлі тағамдар мол дайындалады. Әр үйдің дастарханы жайылады. Халқымыз ежелден 7 санын қасиетті дейтіні белгілі.   Мейрамның дәстүрлі басты тағамы – Наурыз көже жеті түрлі дәмнен: су, ет, тұз, май, ұн, сүт пен астық тұқымдастардан жасалады. Қазақтар, "ырыс-береке молаяды" деген сеніммен құйылған Наурыз көжені тауысып қою керек деп сенген. Наурыз көженің жеті дәмі тіршіліктің жеті элементін білдіреді. Үлкен қазан – бірлік нышаны. Тамақтану алдында және содан кейін молла аруақтарға құран оқиды. Кейіннен жасы үлкен кісі бата береді.

Қазақстанда Наурыз мерекесі мерекелік концерттік бағдарламалар, ұлттық ойындар, жаппай серуендер өткізіледі. Жастар алтыбақан басында ән айтып, күй тартады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.  

Өзбекстанда салт-дәстүрлердің бірі – «Новруз» мейрамына арналған тек осы мереке кезінде ғана әзірленетін тағам түрі «сумаляк» дайындалады. Өндірілген бидай, өсімдік майы және ұн қосылған бұл тағамды әйелдер өз арман-тілектерін ниет етіп, түнімен тоқтаусыз қозғай отырып пісіреді. Осы «сумалакты» тойып, жақсы ниетпен жеген адам келесі жылға басы аман, бауыры бүтін жетеді деген ырым бар.

Осы жиында дәстүр бойынша көктем аруы Бахор ханум, егін атасы Деқан-баба сайланып, түрлі сайыстар мен тілектер айтылады. Нау­рыз мерекесін өзбек халқы осы­лайша тойлап бір-біріне қолұшын береді.

Тәжік халқында мереке Навруз деп аталады. Келе жатқан жыл мол, бақытты болсын ниетпен үй иесі немесе оның үлген ұлдары Наурыз мерекесінің басты тағамы ретінде кәуәп пен тәтті қоспалардан жасалған палауды дайындайды.

Иранда наурыз ең маңызды мереке ретінде тойланады.  Ақ дастарханға «хафт-син» деп аталатын 7 тағам міндетті түрде қойылады. Хафт-син дегеніміз жеті түрлі парсы әліппесі бойынша «синнан» басталатын, яғни «с» әрпінен құралған тағамдар: тиын (серке), сарымсақ (сир), уксус (серке), дәмдеуіштер мен мерекелік тағамдар қойылады. Сондай-ақ дастарханға айна және жаңару мен береке нышаны ретінде бидай, жаңа піскен жеміс-жидектер мен майшамдар қойылады.  

Түріктер жылда тойлайтын бұл мерекені "Сұлтан невруз" деп атаған. Ақ дастарханның сәні – боялған жұмыртқалар, дәнді дақылдар мен майшамдар және дәстүрлі тағам сумаляқ. Мереке күндері олар да бір-бірінің үйін аралып, амандық сұрасып, Жаңа жылмен құттықтайды.

Әр елдерде Наурыз/Невруз/Нооруз мерекесінің өз ерекшілігі бар, алайда мейрамның мақсаты бір: жаңарудың, үйлесімділіктің, мейірім белгісі ұзақ күткен көктемді қарсы алу.

Біздің серіктестер