8-800-8000-111

Барлық мәселелер бойынша
Call-орталыққа жүгінуге болады

Жаңалықтар

10.05.2018

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры «Жеңіс» жобасына қатысты

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтау және Қазақстан Республикасының жастарын патриоттық тәрбиелеу шеңберінде «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы жыл сайын бастамашылық ететін «Жеңіс» әлеуметтік-қайырымдылық жобасына белсенді қатысуда.

 «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының ұжымы Жеңіс күніне арналған «Жеңіс» жобасы аясында Астана қаласы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құттықтау кешін ұйымдастырды.

Ткачев Николай Степанович

 Н.С. Ткачев 1924 жылғы 21 маусымда Ақмола облысы Ақкөл ауданының Наумовка ауылында дүниеге келді. Қызыл Әскер қатарына Ақмола қаласында 1942 жылғы 30 тамызда 39-шы атқыштар полкінің жаттығу батальонына шақырылды. 1-ші Белорус майданында болған ұрыстарға қатысты. Соғыстан кейін бір жыл әскерде қызмет етіп, 1946 жылғы 5 мамырда әскери қызметтен қайтты. Мәскеу қаласында құрылымдаушы мамандығын және стандартизация жөніндегі мамандық алып, екі оқу орнын бітірді. Бүкіл еңбек жолы  Ақмола облысы Макинск қаласындағы Ленин атындағы зауытта өтті. 1982 жылы зейнетке шықты.

Писарева Екатерина Стефановна

Белгород облысы Курская дуга деген жерде 1926 жылы 8 қазанда туды. 1934 жылы 1 қыркүйекте мектепке барып, 7 класты бітірді. Соғыс басталған жылы, яғни 1941 жылы госпитальда жұмыс істеді, содан кейін дәріханада жұмысын жалғастырды.

1942 жылы Екатерина Стефановнаны майданға дәрі-дәрмектер мен снарядтарды тасуға жіберді. Алайда дәрі-дәрмектер мен снарядтарды тасып жүрген кезде немістердің тұтқынына түсті. 6 айдан кейін, 1943 жылы тұтқыннан босатылды, соғысты Чехословакияда аяқтады. Әскери қызметтен қайтқаннан кейін мұнай базасында жұмыс істеді. Екатерина Стефановна 2 қыз тәрбиелеп, 4 немере және 5 шөбере сүйіп отыр. «Германияны жеңгені үшін» және тағы басқа мерекелік медальдармен наградталды.

«Бәрі де Жеңіс үшін, бәрі де майдан үшін!»

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Құқықтық сүйемелдеу департаментінің бас менеджері Оңғаров Бауыржан Жансерікұлы «Соғыстың бір шеті бізге де тиді. Менің атам Оңғаров Мағзұм Жүнісұлы Семей облысы Абай ауданының Мукур ауылында, кәдімгі қарапайым отбасыда 1925 жылы дүниеге келді" деп әңгімесін бастады.

Атам сегіз жасында, 1936 жылы анасынан айырылды, ал төрт жылдан кейін әкесі де қайтты. 1993 жылы Бесқарағай ауданының Семияр орта қазақ мектебіне оқуға түсіп, 1941 жылы бітірді. Соғысқа дейін бір айдан кем уақыт қалды...  Жетім қалған бала мектепті бітіргеннен кейін жұмысқа тұрды.

 

 1941 жылғы шілде айынан бастап Бесқарағай ауданы Халық Сотының хатшысы болып істеді. Атам заңгер болуды армандап жүрген, сондықтан 1942 жылдың қыркүйек айында ҚазССР Алматы заң мектебіне оқуға түседі, бірақ соғыс басталғаннан кейін оқыуды тастап майданға аттануға тура келді.

 

1943 жылдың 25 қаңтар айында 17 жасында Семей облысы Бесқарағай АӘК бұйрығы бойынша майданға шақырылды. Кейіннен әжеміз атаны есіне алған кезде: «Қанмайданның масқараларын, көптеген өлген кісілер мен кесілген тағдырларды, әр отбасының шексіз қайғысы туралы айтудан  қашатын» деп айтатын.

Соғыс кезінде атамыз 1-Белорус майданында 41-ші атқыштар қызыл ту дивизиясы                   102-атқыштар полкі 4-ші атқыштар ротасының бөлім командирі болған. Ұрыстарда көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін «Красная Звезда» орденімен, «За освобождение Варшавы», «За взятие Берлина», «За победу над Германией», «За победу над Японией» медальдарымен және «30 лет Советсткой армии и ВМФ» мерекелік медалімен наградталды.

Ұлы Отан соғысының майдандарында дұрыс шешім қабылдағаны, сондай-ақ шығыс Берлинде неміс әскерлерін қоршауға алу және жою бойынша шайқастарға қатысқаны үшін КСРО Жоғарғы бас қолбасшысы жолдас Сталиннен алты рет алғыс алды.

  

Атам 1945 жылғы 9 мамырда жеңілген Рейхстагта қолтаңбасын қалдырды. Сол қуанышты күні атам барлығымен бірге Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күнімен қатар өз туған күнін - 20 жылдық мерейтойын тойлады.

 

Кеңес армиясында атам 1954 жылдың тамыз айына дейін қызмет атқарды. Лейтенант  атағында әскери қызметтен қайтты. 

1949 жылы әжем мен атамды 20 ғасырда болған ең ірі жер сілкінісінің зардаптарын жоюға Ашхабад қаласына жіберді, сол жақта 1950 жылы менің әкем дүниеге келді. Әскерден қайтқаннан кейін партия жұмысын атқарды, Қазақстан Компартиясының аудандық комитетінің Жаңа Семей МТС аймағы бойынша инструкторы, Жаңа Семей ауданының  «30 лет Казахстана» колхозының басқарма төрағасының орынбасары, Жаңа Семей ауданы Клементьев ауыл округінің төрағасы болды. 1957 жылы Жаңа Семей ауданының жаңадан құрылған Жаңа Бажен ауыл кеңесінің төрағасы болып сайланды.   

 

Атам 1962 жылы 37 жасында қайтты, Баженов ауылында кішкентай тауда жерленді, бүгінгі күні атамның құрметіне аталған тау Оңғаров тауы деп аталады.

 

Балалары, немерелері, шөберелері

 

 

 

Сейсебаев Жақан

1925 жылы Алматы облысы Керібұлақ ауданы Сәмен ауылында өмірге келген. 1939 жылы Алғабас колхозында 7 жылдық мектепті бітірген.

1942 жылғы 20 қазанда 17 жасында соғысқа шақырылды. 1943 жылдың 1 қаңтарында соғысқа аттанған. 3 Беларус соғысына қатысқан. 1944 жылдың 5 шілдесіндегі шайқаста қатты жарақат алып, сол жылдың 20 қазанына дейін госпитальда емделді. Кенигсбергке дейін соғысып, сол қаланы алуда ерлік көрсеткен. Соғыс аяқталған соң Жапон соғысына аттанды. 1948 жылдың 17 сәуірінде Қазақстанға қайтты.

1969 жылы Алматы қаласындағы политехникалық техникумның бухгалтерлік есеп факультетін бітіріп, Көксу ауданының Алғабас аулында бухгалтер болып 1 жылдай жұмыс атқарған. Мал шаруашылығында ферма меңгерушісі болып қызмет атқарып 1985 жылы зейнеткерлікке шықты. Бір ұлы, үш қызы, тоғыз немересі, жеті шөбересі бар.

Наградалары: Ұлы Отан соғысының II-дәрежелі ордені, «За мужество», «За взятие Берлина» және көптеген мерейтойлық медальдар.

Менің әкем майдангер!

 

Бүгінде Ұлы Отан соғысына қатысып, сұрапыл жылдарды бастан кешкен аяулы ардагерлеріміздің қатары саусақпен санарлықтай азайған сайын, қадірі де арта түсуде. Оның үстіне, қазақ жауынгерлері, баһадүр бабаларымыз қанмайданда асқан ерлік үлгісін көрсеткен ғой!

 

«Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ Сметалық және техникалық бақылау департаментінің маманы, техника ғылымдарының докторы Дүйсен Сахи да асқар тау әкесі Мырзахмет Сахиевті айрықша мақтан тұтады, асыл бейнесін мәңгі есте сақтап жүреді.

«Менің әкем Мырзахмет Сахиев 1912-1982 жылдары өмір сүрді. Отан соғысына дейін 1939-1940 жылдары Фин және Халхин гол аймағындағы айқастарға қатысқан. Одан соң 1941-1943 жылдары Отан соғысында қолына қару алып, жауға қарсы тұрды. 1943 жылы Сталинград тұсында окопта пулеметтен атып жатқан кезде, немістің «Тигр» танкісі окопқа төніп келіп қиратып, бір аяғын жұлып кетеді. Содан екінші топтағы мүгедек кебін киіп, елге оралады. Костюмінің екі жақ омырауы марапатқа толы болатын. Оның ішінде ең елеулісі «Қызыл жұлдыз» ордені жарқырап, еріксіз сүйсіндіретін», - деп тебірене әңгімелейді «Қазақстанның құрметті құрылысшысы» атағы бар Дүйсен Сахи.

Бүгінде өзі де ел ағасы белесіне көтерілген ол мектептегі оқуын бітіргенше, әкесі шау тартқан шағында да 9 мамыр мерекесіне орай салтанатты линейка-жиында құрметті қонақ ретінде сөз сөйлеп, жас ұрпаққа бейбіт өмірдің қадірін түсіне білу керектігін насихаттап кеткенін айтады. Мемлекет тарапы болса, ардақты тұлғаға қажетті қамқорлығын көрсетуге тырысып, әр жылы құнды сыйлық тарту етіп отырған.

Атап өтерлігі, қырғын соғыс куәсі, 1949 жылы Шымкент қаласының педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығы бойынша тауысып, жоғары білім алып шығады. Нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан ауданы, Шорнақ ауылындағы Қызыл әскер мектебінде 30 жылдан аса ұстаз келбетіне титтей де нұқсан келтірмей адал қызмет атқарады. Түлетіп ұшырған қалың шәкірттерінің арасынан білікті басшылар, ғалымдар биік асуларды бағындырған. Майдангердің өзінің үш баласы ғылым докторлығына қол жеткізген.

«Коммунистік Түркістан», «Оңтүстік Қазақстан» және «Социалистік Қазақстан» газеттерінің меншікті тілшісі болып, жазған мақалаларын оқырман қауым жылы қабылдап, кейбірін тіпті іздеп оқитын еді. Бүкіл ауыл мен аудан, тұтас облыс жұртшылығы сыйлап, қадірлейтін. Оның бір көрінісі, өзі ұстаздық еткен Қызыл әскер мектебінің дәрісханасына Мырзахмет Сахиев аты берілді», - деп түйіндеді әңгімесін Ұлы Отан соғысы ардагерінің ұлы Дүйсен Сахи.

Біздің серіктестер